Қаржылық мониторинг агенттігінің елордалық департаменті 2020-2021 жылдар аралығында көлеңкелі экономика саласында ауыр қылмыстар жасаған бір топ тұлғаларды әшкереледі. Азамат Хан В.В. басқарған қылмыстық топ өз клиенттерін бюджетке салық төлеуден босату мақсатында бақылаудағы 7 заңды тұлғаның контрагенттеріне жалған шот-фактуралар жазып берген. Олар өз әрекеттерімен мемлекетке 490 миллион теңгеден астам сомаға аса ірі көлемде зиян келтірген. Сот басты айыпталушы Хан Виталий Васильевичті нақты мерзімге — 4 жылға бас бостандығынан айыруға, ал заңсыз ақша жинаумен айналысқан екі адамды шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Үш айыпталушыға да ұзақ мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметтерді, оның ішінде шот-фактураларды беруге байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Төленбеген салықтар камералдық бақылау және салықтық тексеру аясында барлық контрагенттерден өндіріп алынатын болады.